Қазақтың ұлттық тағамдарын насихаттау

Ежелден қазақ халқы үшін ақ дастарханнан әрі дәмнен үлкен нәрсе болмаған. «Ас адамның арқауы» деп есептеген қазақтың ұлттық дастарханында бұрыннан қолданылған тағамдардың негізгі түрлерін еттен, сүттен, қымыздан, сарымайдан, құрттан және мал өнімдерінен әзірлеген. Сондай-ақ осы тамақ түрлерінің емдік қасиеттері де жетерлік. Балық тағамдары тамақ ретінде ет орнына жүреді. Бірақ ол еттен жеңіл әрі тез піседі. Және дәрумендерге бай әрі сіңімді келеді. Ет сияқты балықтан сорпа да әзірлеп те, қуырып та түрлі тағам дайындалады. Бір ерекше айта кететін жайт, қайнап жатқанда ары-бері аударыстырудың қажеті жоқ. Ол шамамен қырық-елу минутта дайын болады. Егер көп қайнаса, іріп әрі ұсақталып кетеді. Балықты бұқтырып пісіреді. Бұл тағамды ұнға аунатып, май құйып, тұз сеуіп, бұрыш салып қуырумен қоса асып жеуге де болады. Осы орайда бір атап өтерлігі, қызыл мен кета балықтардың уылдырығы ең таңдаулы тағамдардың бірі болып есептеледі.Дәнді дақылдардан ашытып жасалған сусын боза деп аталады. Әуелі бір күн бойы суға бөктіріліп тұрған жарманың сарысуын төгіп тастайды. Ал қалған тұнбаға қажетті мөлшерде май салып, су құйып, ыстық отқа қайнатып, ботқа әзірлейді. Кейін оны суытып, дәнді дақылдың бірінен (тары, арпа және т.б.) әзірлейді. Ол үшін әуелі дақылды керекті мөлшерде алып, үстіне ыстық су құйып, үш-төрт сағаттай бөктіреді. Кейін сүзіп алып, жылы орынға жайып қояды. Шамамен үш-төрт күн ішінде дәндері өнеді. Ол бірден кеуіп кетпес үшін үстін қымтап жауып қояды. Толық өнген соң оны келіге салып жаншиды. Осындай әдіспен дайындаған уытта тұнбаға мөлшерлеп салады және үстіне салқындатылған қайнаған суды құяды. Және шамамен жарты тәулікке ашытады. Сосын дайын қоспадан қажетін алып, қайнатылған салқын суға араластырады әрі сүзгіден өткізеді. Ал осы сүзгіден өткізіліп алынған сұйық сусынды боза деп атайды. Әзірлеу технологиясы мен сақтау жарамдылығына қарай жас боза, қорланған боза деп те атайды. Мәселен, жас бозаның құрамында шамамен төрт-алты пайыз, ал қорланған бозаның құрамында он екі-он бес пайыз спирт болады. Сондай-ақ бұл тағамның уытсыз әрі жай ашытқымен дайындалған түрін мақсым боза деп атайды.Түрлі дәнді дақылдарды суға қайнатып әзірлейтін тағам ботқа деп аталады. Бұл тағамды дайындайтын дәнді дақылдар қатарына жүгері, лобия, ноқат, тары, бидай, күріш және т.б. жатқызамыз. Ол бір болмаса бірнеше дән түрлерінің қою қайнатындысынан дайындалатындығымен өзге ботқалардан өзгеше болып келеді. Әсіресе тарыдан жасалған ботқа қазақ халқының дәстүрлі тағамдарының бірі ретінде кеңінен пайдаланылады. Жалпы ботқаны әзірлеу үшін қазанға не болмаса ыдысқа (кастрөлге) шамамен екі литрдей су құйылады. Кейін қайнаған соң 1 кесе сөкті салады. Дәміне қарай тұз бен аздап қант салады. Сондай-ақ сүт те қосуға болады. Бір айта кетерлігі, ботқа әзірлеуге бидай, сұлы, арпа және т.б. дәнді дақылдардан әзірленген жармалар да бар.