Тәуелсіздік таңы атқанына міне 29 жыл толып отыр, осы уақыт ішінде Қазақстан өзін күллі әлемге танытып үлгерді.
“Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды” деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген сөздері ата-бабамыздың бойына біткен керемет қасиеттің құндылығы қашан да алға жетелеп, тәуелсіздікке алып келгенін көрсетеді. Тәуелсіздік таңы атқанына міне 29 жыл толып отыр, осы уақыт ішінде Қазақстан өзін күллі әлемге танытып үлгерді. Аз ғана мерзімде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты да көреген саясатының нәтижесі ретінде орнады. Экономикасы дамып, халықтың жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге жетті. Өзге елдермен арадағы қарым-қатынастар реттеліп, халықаралық саудаға шығуға мүмкіндік алды. Жастардың шет елдерде оқуға, сол жерде алған білімін Отанында қолдануға мүмкіндіктері пайда болды. Қазіргі таңда спорттан ұйымдастырылатын олимпиада, спорттық ойындарда қазақстандық бауырларымыз жоғары орындардан көрініп, ел беделін көтеруде ,еліміздің әнұраны бүкіл әлем алдында жиі ойнатылып Қазақстан деген мемлекет күннен-күнге әлем үшін жаңа белестерден көрінуде. Елбасымыздың бастауымен астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының негізі қаланып, бүгін адам танымастай өзгеріске ұшырады, әлемдегі мемлекеттермен келісімшарттар жасалатын, жиналыстар өткізілетін заманауи шаһар қалыптасты. Көпжылдық тарихында толық еркіндігі болмаған еліміз ХХІ ғасыр табалдырығында осылайша тұғыры биік бейбіт мекен ретінде көрініс тапты. Тәуелсіздігіміз жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бүгіндері Қазақстан Республикасы тәуелсіз, еңсесі биік, басқа дамыған мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең егеменді мемлекет болып қалыптасты.