22
наурыз
2025
“Балалар кітапханасы” жобасы аясында өткен кездесу кеші

🔹Мектептерге кездесуге жиі барамын. Кездесуден бұрын оқушылар мен ұстаздар алдын-ала кітап алдырып, оқып шығады. Кітаптан алған әсермен көзі жарқырап отырған оқырманмен кездескен қандай ғанибет! Ондай оқырманмен талқылайтын, сөйлесіп, әңгімелесетін тақырыбың ортақ. Сол себепті кездесу де жоғары деңгейде өтетіні сөзсіз.
♦️Бұл жолы сондай кездесу Алматы қаласы, Наурызбай ауданы, 188 мектеп-гимназияда өтті. Кездесуді Наурызбай аудандық білім бөлімінің басшысы, әдебиет пен кітаптың жанашыры, өзі де оқырман Салтанат Амангелдіқызының бастап, ашып беруі, мың сан жұмыстары болса да соңына дейін қатысып отыруы құрметке лайықты.
🔶“Балалар кітапханасы” жобасы аясында өткен бұл кездесуді ұйымдастыруда мектеп-гимназияның директоры Базаркүл Мұхтарқызының, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Меруерт Жамбылқызының, мектеп кітапханашысы Таранчиева Айгүл апайдың еңбегі зор.
✅“Кітап – ақыл-ойдың айдыны” атты кездесу барысында башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің “Көше балалары” атты хикаяты жайлы әңгімелестік. Мен осы кітаптың аудармашысы ретінде автордың хикаятты жазудағы ізденістері, өмірдегі оқиғалардың кітапқа енген, енбеген детальдары жайлы айтсам, оқушылар хикаяттың әсерлі болған жерлері мен кейіпкерлеріне, туындының тәрбиелік мәніне тоқталды. Шығарманы оқыған оқушылардың сұрақтарына жауап беру де керемет екен! Бір жақсысы, кітапты оқыған оқушылар жаттанды, әбден жауыр болған сұрақтарды қоймай, шығарманың ішіне бойлап сауал жолдайды. Рахат қой! Мұндайда шешіле сөйлеп, көсіле шабасың.
🌹Кездесуге Наурызбай ауданындағы мектеп кітапханашылары келіп қатысты. Ерекше форматтағы бұл кездесуде оқушылар менің жырларымды жатқа оқыды. Мені қатыстыра отырып түрлі ойын өткізді. Форматы бөлек бұл кездесуді жүргізген 11-сынып оқушысы Ернұр Абирбек пен 6-сынып оқушысы Айханым Мақсатқызына риза болдым.
🔹Бұл кездесудің өтуіне атсалысқан, қатысқан жандарға қарап ішімнен “өмір осындай жандармен мәнді, қызықты екен ғой” дедім. Нағыз оқырманмен кездесіп, құрмет көріп, бақытты күй кештім.